Елбасы жолдауы: Мәжіліс депутаттарының пікірі

Белсенді сыртқы саясат – Қазақстанның қарқынды дамуының кепілі. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған кезекті жолдауында таяу және алыс шет мемлекеттермен дипломатиялық, саяси және сауда экономикалық қарым-қатынасты жетілдіру шараларын қолдауға басымдық беру керектігін ерекше атап өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержанның пікірінше, әлемдік нарықтағы ірі ойыншылармен әріптестік орнату ел экономикасының айтарлықтай өсуіне үлкен сеп болды.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ЕРЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

-  Бұл ең алдымен елбасының салиқалы саясаты мен еңбеққор халқымыздың арқасы. Елімізге келген әр инвесторға үлкен көңіл бөлініп, жүйелі қолдауға ие болып отыр. Мемлекеттің демеу тетіктерінің нәтижесінде ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл кешенді шаралар экономиканың өсіміне оң ықпалын тигізуде. Дамыған елдерден инвестиция тартудың арқасында біздегі білім мен еңбек мәдениеті жаңғырып келеді. 

Жолдау жүктеген маңызды бастамалардың бірі – ол бизнесті қорғау мен индустриалды жобаларды қолдау. Оны жүзеге асыру үшін Елбасы Ұлттық банкке Ұлттық қордан қаржы бағыттауды тапсырды.

АЛЬБЕРТ РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Әрине, елдегі индустриялық дамуды ешкім тоқтатқан жоқ. Биыл осы бағытта тағы 110 жоба іске қосылмақ. Президент тек қана индустриалды жобаларды қаржыландыруға алдағы 3 жылға қосымша 600 миллиард теңге бөлуді міндеттеді.