Арал теңізіне араша түсетін халықаралық қордың қызметі жанданбақ

Арал теңізіне араша түсетін халықаралық қордың қызметі жанданбақ

Арал теңізіне араша түсетін халықаралық қордың қызметін жандандыру қажет. Түрікменбашы қаласында Аралды құтқару қорына құрылтайшы мемлекеттердің саммитіне қатысқан Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің президенттері осындай мәлімдеме  жасады. Орталық Азия өңіріндегі Сырдария және Әмудария өзендерінің екеуі де Арал теңізіне құяды. Қос өзенді жағалай қоныстанған халықтың негізгі табысы суармалы жерден алынатын өнімдермен тығыз байланысты. Арал теңізіндегі судың сарқылуы экологиялық жағдайды ушықтырып отыр. 1993 жылдан бері Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан тығырықтан шығудың жолын бірлесе іздеп, халықаралық Аралды құтқару қорын құрған. Бес мемлекет осы қор аясындағы шараларды күшейтуге уағдаласты.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың қазіргі институттарының негізінде оның құрылымы мен келісім-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Бұл оның жұмыс сапасын арттырып, әлеуетін кеңейтуге, ұйымды бүгінгі күннің қауіп-қатерлеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын басқару, бөлу, есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесін автоматтандыратын кез келді. Бұл елдердің суды пайдалануын ашық етіп, өзара сенімді нығайтады. Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету бағдарламалары шеңберінде өңірлік жобаларға басымдық беру қажет. Бұл қабылданатын шаралардың тиімділігін арттырып, ынтымақтастықты нәтижелі етеді.

Қазақстан қор құрылғалы кезең-кезеңімен тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Соның бірі – САРАТС-1 жобасы. Қазір Кіші Аралдан жылына 8 мың тонна балық ауланады. Жалпы, экологиялық ахуалды жақсартуға байланысты 140-тан астам жоба жүзеге асырылды. Алайда бүгінде Аралдан ұшқан тұз қоршаған ортаға зиян. Сондықтан саммитте әлемдік қоғамдастықтың назарын Арал теңізіне аударып, күрмеулі мәселені шешудің жолдарын бірге іздеу керектігі айтылды.

Халықаралық Аралды құтқару қорына құрылтайшы мемлекеттер өз ойларын ортаға салды. Мәселен, саммитті өткізген түрікмен тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Ал Қазақстан басшысы халықаралық Аралды құтқару қорының атқару комитетін 5 мемлекеттің бірінде тұрақты қоныстандыру керектігін айтты. Саммитте ортаға салынған ұсыныстар бойынша үкіметаралық жоспар түзіліп, іс жүзінде жүзеге асырылмақ.