Отандық экспорттаушыларды қолдау

Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдерінің баламалы жүйелерін интеграциялаудың негізінде ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылады. Бұл бастама аталмыш экономикалық кеңістіктің  азық-түлік хабының негізгі инфроқұрылымына айналмақ.

Еліміздің сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, Қазақстанда аймақтық желі 24 көтерме тарату орталықтардан тұратын болады. Олар фермерлік өнімді сақтау және қайта тарату бойынша көрсетілетін қызметтердің толық кешенін ұсынуға бағытталады. Қазіргі таңда елімізде осындай алғашқы жеті орталықты құру жобасы қолға алынған.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ,  ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

 - Мұндай орталықтарды құру шикізатты сатып алу, өнімді өндіру және өткізу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда көптеген  шаруашылықтардың күш-жігерін шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бір мезгілде барлық ауылшаруашылық өндірушілері кепілді тауар өткізу мен кіріс өсімімен қамтамасыз етіледі. Жалпы, ұлттық тауар өткізу жүйесі фермерлерді, сатып алушыларды, көлікшілерді, өткізушілер мен тұтынушыларды бір кластерге біріктіру үшін зәкірлі инфроқұрылым ретінде жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, сыртқы нарықтарға өнімін өткізіп жүрген  отандық экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу жағы да бір ізге салынған. Мәселен, тек биылдың басынан жалпы құны 4,7 млрд теңгеге 186 экспорттаушының өтінімі мақұлданды. Жақын арада Қазақстанда осы  және өзгеде мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін  экспорттаушыларға арналған бірыңғай цифрлық терезе пайда болады.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ,  ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

 - Экспортаушылар электронды түрде өтінім беріп, шығындарын өтей алады. Бұл бағыттағы жұмыс шығынды өтеу жеңілдігін 7 күннің ішінде алуға көмектеседі. Қазір бұл өтінім бойынша көмек көрсету 25-30 күнге дейін созылады. Сондықтан жаңағы аталған шаралар заманауи технологияларды қолдана отырып отандық  экспорттаушыларға осындай көмек жасап отырмыз.

Бақыт Сұлтанов елде экспортқа бағытталған кәсіпорындардың санын еселеу көзделіп отырғанын атты.  Бұл орайда мемлекетімізде жыл сайын 100 жаңа компания дайындап, 2025 жылға қарай тұрақты экспорттаушылардың санын қазіргі 445-тен 1000 жеткізу жоспарланған.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ehonews.kz​


×