Қазақстандық зерттеушілер вируссыз тұқым жасауды қолға алды

Солтүстік Қазақстандағы биотехнологиялық зертханада вируссыз тұқым жасалады. Қазірдің өзінде дақылдардың елуден астам сұрпы зерттелді. Нәтижесінде аймақ климатына төзімді дақылдар таңдап алынды. Мұнда вируссыз материал микроклональды көбейту әдісімен алынады. Бұл, шын мәнінде, өсімдіктердің вегетативті түрде көбеюі, тек жасанды жағдайда. Дәстүрлі өсіп-өндірумен салыстырғанда бұл әдістің артықшылығы баршылық.

АЙНУР БАЛАХМЕТОВА, АГРОТЕХНИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТ ДЕКАНЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл, әрине, біріншіден – генетикалық біртекті бастапқы материалды алу, екіншіден – біз осы әдіс барысында көбеюдің жоғары коэффициентін аламыз, үшіншіден – вирустар мен бактериялардан босап шыққан таза әрі сау материалды аламыз.

Қытайдың солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетімен өзара тиімді ғылыми ынтымақтастықтың нәтижесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Зертханада жаңа сұрыптарды шығару үшін Қозыбаев атындағы университеттің Агротехнологиялық факультетінің студенттері, магистранттары және жас ғалымдары жұмыс істеуде. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған.

ФАРИЗА МҰҚАНОВА, АГРОНОМИЯ ЖӘНЕ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Осы жерде көректі орталарды дайындаудан бастап ашық грунтта дайын тұқымды алу процестердің барлығымен студенттер өз көздерімен көру арқылы таныса алады. Бул жас ғалымдарға өте маңызды.

Жас зерттеушілер өздері әзірлеген ұсыныстар республиканың агроөнеркәсіптік кешеніне нақты пайда және жаңа серпіліс әкелетініне сенімді.

 

Фото: supersadovnik.ru


×