Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасының өсімін болжады

Алдағы екі жылдың ішінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі орта есеппен 5 процент шамасында өсетін болады. Еуразиялық даму банкі 2021-2022 жылдары еліміздің экономикасы қалай өзгеретініне болжам жасады. Қаржы институтының макроэкономикалық шолуында көрсетілгендей, COVID-19 пандемиясының салдары жаһандық іскерлік белсенділік пен халықаралық сауда көлемін қысқартты. Әлемде өршіген қатерлі індет кесірі Қазақстанғада тимей қоймады. Есесіне елдің экономикалық даму көрсеткіштері тежеліп, биылдың алғашқы жартысында 1,8 процентке төмендеген. Алайда, үкіметтің дер кезінде қолға алған антидағдарыстық қолдау шаралары оның теріс әсерін айтарлықтай жеңілдетті. Банк сараптамалық орталығының сарапшысы Айгүл Бердіғұлованың айтуынша, Қазақстан экономикасының жанданып, іскерлік белсенділіктің артуына карантиндік шектеулердің жеңілдеуі мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі, монетарлық және фискалдық ынталандыру саясаты жетілдіру сеп болмақ. Осының арқасында келер жылы елдің жалпы ішкі өнімі артып, экономикалық көрсеткіштерді дағдарысқа дейінгі ахуалға дейін көтеруге болады, дейді маман.

АЙГҮЛ БЕРДІҒҰЛОВА, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ДАМУ БАНКІНІҢ  САРАПТАМАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:

 - Республиканың билік өкілдері мемлекеттік қолдаудың кешенді бағдарламаларын іске қосты. Бұндай қолдаудың ауқымы өте кең көлемде жүргізіліп жатыр. Алдын ала есептеулерге сәйкес шамамен жалпы ішкі өнімнің 8-9 процентін құрайды. Әрине бұл қиын кезеңде экономикаға жақсы демеу болды. Біз осы жағдайды ескеріп 2020 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2,5 процентке төмендейді деп болжап отырмыз. Ал алдағы екі жылда пандемияның әсері азаяды деп күтілуде. Ынталандырушы  әлеуметтік саясат, тиімді сыртқы несиелік саясат жүргізу Қазақстан экономиканың бірнеше есеге өсуіне тың серпін беріп, оң ықпал жасайтын болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: eadaily.com


×