Қазақстан-Украина бизнес форумы өтті

Қазақстан мен Украина машина-құрастыру, фармацевтика және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу технологиясына қатысты 3 меморандумға қол қойды. Бұл туралы Киевте қос тарап арасындағы бизнес байланысты нығайтуға бағытталған форумда белгілі болды. Онда Қазақстан мен Украинаның сауда-инвестициялық байланысы кеңінен талқыланып, Украинаның іскер топ өкілдеріне еліміздің бизнес климаты таныстырылды.

БІРЖАН ҚАНЕШЕВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз Украинаның бизнес  өкілдеріне әр сала үшін пакеттік шешім бар екенін көрсеттік. Еліміздің инвесторларға ұсынатын артықшылықтарын көрсете алдық. Сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс істеу кезінде кепілдік бар екенін де атап өттік. Мәселен, бізде ісін ашса, жобаның өзіндік құны 30 процентке дейін төмендейтін болады, бұл шет ел кәсіпкерлері үшін өте тиімді ұсыныс.

Сондай-ақ, екі елдің іскер топ өкілдері – тамақ және жеңіл өнеркәсіп, химия әрі айти салаларында ынтымақтастықты кеңейтпек.

ЕВГЕНИЙ ЕНИН, УКРАИНА СЫРТЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазақстан Үкіметінің шет ел инвесторларына ұсынатын мүмкіндіктері бізді әрине қызықтырады. Әсіресе, халықаралық инвестициялар орталығын құруға қатысты Қазақстан тәжірибесіне мән беріп отырмыз.

ДЕНИС КРАСНИКОВ, УКРАИНА ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Украинаның айти нарығына да назар аудару қажет. Бұл қызмет түрі транзитті қажет етпейді. Қырғыз елі біздің банк секторындағы өнімдерімізді тұтынып келеді. Өзбекстан республикасы, бірінші кезекте клиенттерге қызмет көрсетуге арналған бағдарламалар мен өзге банктік бағдарламалар алады. Қазақстанның қаржы ұйымдарымен де ынтымақтастықты қарастырып жатырмыз.

 

Фото: inform.kz