Мәжіліс 8 елде патент алуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады

Еуразиялық экономикалық аумақтың бірыңғай патенттеу жүйесі құрылмақ. Енді отандық тауар өндірушілердің өнеркәсіптік үлгісіне алынған патенті бірден 8 елде қолдануға жарамды. Мәжілістің жалпы отырысында осыған мүмкіндік беретін «Еуразиялық патент конвенциясына өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Хаттамада өнеркәсіптік үлгілерге еуразиялық патенттердің құқықтық қорғау ерекшеліктері, әрекет ету қағидаттары, өтініш берушілердің, құқық иеленушілердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Еуразиялық патент ведомствосы жүзеге асыратын міндеттемелер мен уәкілеттіктер көзделген. ​ Айта кетейік, еуразиялық патенттеу жүйесіне біздің елімізбен қатар, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттері кіреді.

МАРАТ БЕКЕТАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

- Қазақстандық өтінім берушілер үшін өңірлік жүйенің артықшылығы – объектіні сегіз мемлекетте бір уақытта қорғау үшін Еуразиялық патент ведомствосына жүгіну мүмкіндігі. Бұл жүйе еуразиялық аумақта сауда жасау барысында өнеркәсіптік үлгілерді қорғаудың деңгейін арттыруға және осы жүйенің мүше мемлекеттерінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлік патент Еуразиялық нарыққа бағытталған отандық тауар өңдірушілерінің мүмкіндіктерін арттырады.

 

Фото: yandex.kz