Экономика жанданып, іскерлік белсенділік артты

Қазақстан экономикасында қыркүйекте оң өзгерістер байқалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Оның айтуынша, қызметтер саласы қайта қарқын алып, іскерлік белсенділік жандана бастады. Инвестиция көлемі де артқан.

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

- Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, жалпы экономика бойынша инвестициялар өсуде. Инвестициялар денсаулық сақтауда, байланыста, сумен жабдықтауда, тұрғын үй құрылысында –агроөнеркәсіп кешенінде, өңдеуде, және көлікте ұлғайды.

Нақты секторда өсім сақталып келеді. Бұл орайда өсім 2,2 пайызға дейін жеделдеді. Бұл да қазақстандық өнім экспортының әлеуетін арттыру қамында тартылған инвестициялардың артуымен тікелей байланысты, деді министр.   

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

-  Бұл ретте, экспорт 8 айда 31,9 млрд долларды құрап, төлем теңгерімінің оң сальдосын 8,1 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етті. Дайын және өңделген өнімдердің экспорты ұлғайды. Осы жылғы қаңтар-тамызда автомобильдердің экспорты 5,7 есе, ферросилиций – 5,4 есе, күнбағыс майы – 86 процентке, темірден жасалған созба сым – 33, титан құймалары – 9,5 процентке өсті.

Есесіне отандық өндірістің іргесі кеңейе түсті. Министр дерегінше, 9 айда автомобиль жасау – 51,6, фармацевтика – 39,8, дайын металл бұйымдары – 18,9 және жеңіл өнеркәсіп – 14 процентке өскен.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: egemen.kz


×