Елордада тау-кен металлургия конгресі өтеді

«Kazakhstan Mining Online Conference and Workshops: тау-кен металлургия өнеркәсібінің жаңа мүмкіндіктері». Нұр-Сұлтан қаласында қазан айының 14-і мен 15-і күндері аталмыш саланың әлеуетін барынша арттыруға бағытталған халықаралық онлайн-конгресс өтеді. Дәстүрлі шараның барысында белгілі отандық, Канада және Ұлыбританияның сала  мамандары мен сарапшылары тау-кен металлургиясы нарығындағы қазіргі жағдайы мен әлеуеті жөнінде ой өрбітеді.

Сондай-ақ, коронавирус індетінің салаға тигізген әсері талқыланып, мәселені шешу жолдары қарастырылады. Жалпы, шараға 500-ге тарта адам қатысады деп жоспарланған. Конгресс бағдарламасында сессиялар, мен панельдік пікір-таластар ұйымдастыру көзделген. Сарапшылар салаға заманауи технологияларды ендірудің мән-маңызын айтып, жағдайды оңалту бойынша кеңестерін беретін болады.   

ЕРНАР САРЖАНОВ, ҚР ИИДМ ТҮСТІ МЕТАЛЛУРГИЯ ЖӘНЕ СИРЕК МЕТАЛДАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

– Саланың ағымдағы барлық дерлік сұрақтарын қарастыру жоспарлануда. Бұл тек қазақстандық қана емес, жалпы әлемді толғандырып жүрген өзекті мәселелер талқыға түседі. Бұл - ең алдымен, біздегі Экологиялық кодекс аясында қолға алынып жатқан бастамалар. Атап өтсек, үздік деген қолжетімді  технологияларды ендіру, өнімді сақтау мен қойма жүйесін жетілдіру. Яғни біздің жиын экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің қатысуымен өтеді. Екінші күн шетелдік әріптестікке арналады. Бұл - Ұлыбритания мен канадалық әріптестер.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: metalmininginfo.kz