Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамытуға қолайлы жағдайлар жасалады

Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамытуға қолайлы жағдайлар жасалады

Электр қуаты бойынша шетелге тәуелділікті төмендету. Мәжілісте осыны көздейтін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заң жобасы қаралды. Құжатты төменгі палатаның депутаты Шавхат Өтемісов таныстырды.

ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

 - Заң жобасы маневрлік қуаттар салуды ынталандырады. Бүгінгі күні елімізде электр қуатының профициті бар. Ол шамамен 3000 МВт құрайды. Әйтсе де қазіргі уақытта маневрлік қуаттар тапшылығы байқалады. Тәуліктің кешкі уақытында жоғарылауына және түнгі уақыттарда төмендеуіне байланысты электр энергиясын біркелкі тұтынбау электр станцияларының жедел ауыспалы жұмысы тәртібін талап етеді. Осыған байланысты заң жобасында генерацияның маневрлік режимі бар қуаттарды салу үшін тартымды жағдайлар жасау ұсынылады.

Бұл ретте жобаларды іріктеудің аукциондық тетігі қолданылып, сатып алу мерзімі ұзартылатын болады. Осылайша, Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің сыртқы көздерге тәуелділігі төмендейді. Мәселен, бүгінгі таңда қуатты реттеу бойынша көрсетілетін қызмет үшін Ресейге кетіп жатқан қаражат елімізде қалады. Бұл - жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңге.

ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

 - Бұл мақсатта ұсынылып отырған шаралардың қатарында жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 5 жылға ұзарту ұсынылады.

Бұл өз кезегінде инвесторға аукциондық сауда-саттықта барынша төмен тарифтерді ұсынуға жағдай жасайды. Нәтижесінде тұтынушылардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік туады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz