Ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамту

Қазақстанда 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта 5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылмақ. Бұл ең алдымен азық-түлік тауарларының басым түрлері бойынша 7 экожүйені қалыптастырып, ішкі нарықты  балық, жеміс ет, көкөніс, қант, дәнді, майлы, сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге  мүмкіндік береді. Үкімет отырысында ішкі нарықты отандық өнімдермен қамту мәселесі қаралды.  Қазіргі кезде 29 негізгі азық-түлік тауарларының 23 түрі бойынша біз өзімізді ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл ең алдымен жеміс-көкөніс, жарма, ұн, ет өнімдері және басқалар. Әзірге алма, балық, шұжық, ірімшік және сүзбе, қант пен құс еті сырттан келеді. Импортты алмастыру үшін  2024 жылға дейін  жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. 

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) болжамы бойынша Қазақстан агроөнеркәсіптік кешендегі әлеуеті жоғары мемлекет ретінде есептеледі. Еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар. Сондықтан Үкімет осы маңызды міндетті шешу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бұдан әрі де баса назар аударатын болады.

 

Фото: primeminister.kz