Қазақстан Қытайға жөнелтетін ет көлемін арттырады

Қытай Қазақстаннан сатып алатын ет көлемін бірнеше есеге арттырмақ. Қазіргі таңда аспан асты еліне мал етін экспорттаумен айналысатын 9 отандық экспортер компания бар. Енді олардың  қатары тағы 35 жаңа ет өнімдерін өңдейтін  кәсіпорындармен толығады деп жоспарланып отыр.  Оларға қойылатын басты талап: қытай тарапының шарттарына жауап беру.

ДАНАГҮЛ САТОВА, ҚР АШМ  ҚХР  БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Қытай жағынан қойлатын талап халықаралық талаптарға өте ұқсас. Олар кең ауқымды. Ең басты талабы соятын цех бөлек, етті бұзып, жіліктейтін цех бөлек болуы.

Бұл ет комбинатында жылына 8 мың тоннаға дейін ет өнімдері өндіріледі. Алдағы уақытта комбинат қуаттылығын 10 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда. Оның ішінде сиыр етінің мәрмәр сорты, асыл тұқымды Ангус және Герефорд бұқаларының жоғары сапалы еті, сондай-ақ, стейк дайындауға арналған чойс санатты тұтас еттер бар. Жалпы айтқанда өнім экологиялық таза, бағасы да сапасына сай. Мұны тек қазақтар ғана емес, сонымен қатар орыс және қытай гурмандары да бағалап үлгерді.

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Фермерлер Қытай нарығының ашылуын күтті. Біздің әлеуетіміз зор. Менің ойымша, әлемнің ешбір елінде біздегідей жайылым жоқ. Бүгінде бізде 222 миллион ауылшаруашылық жерлері, оның 180 миллион гектары жайылымдық жерлерге жатады. Сондай-ақ, 100 миллион гектары бүгінде айналымға қосылмаған. Дәл осындай нарықтың ашылуы бізге жақсы инфрақұрылым құруға және етті мал өсіруге фермерлерді қызықтыруға мүмкіндік береді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева 


Фото: inform.kz