Қарағанды облысында балық шаруашылығының әлеуеті артып келеді

Қарағанды облысында балық шаруашылығының әлеуеті артып келеді

Қарағанды облысында балық өнімдерінің өнідірісін арттыру жоспарлануда. Бұл мақсатта балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленетін болады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. Айта кетейік, аймақтың су көздерінде тұқы, сазан, мөңке, қарға, алабұға, торта, аққайран, табан, көксерке, жайын, шортан сынды балық түрлері кезігеді.

Жалпы, облыс аумағында бес су бассейні орналасқан: Нұра-Сарысу, Балқаш-Алакөл, Есіл, Ертіс және Тобыл-Торғай. Жергілікті маңызы бар 127 және республикалық маңызы бар үш балық шаруашылығы су айдыны бар.

Жергілікті балық шаруашылықтарының өнімдері шетелде танымал. Өлкедегі ірі  өндіруші кәсіпорынның бірі ғана жарты жылдың ішінде 70 тоннаға жуық өнімін сырт мемлекеттерге экспорттады. Ал Бұқар Жырау ауданында бекіре фермасы жұмыс істейді. Онда тұйық сумен жабдықтау әдісі қолданылады. Кәсіпорын қара уылдырықты алуға және қайта өңдеуге, сондай-ақ, жоғары сапалы балық өнімдерін өнеркәсіптік қайта өңдеуге және өткізуге бағыталған. Қарағанды балық тәлімбағы облыстың ғана емес, республиканың басқа да өңірлерінің сұранысын қанағаттандырады. Сондай-ақ, шетелдерге балық жіберу материалдарын жеткізеді. Өткізу нарықтары болған жағдайда кәсіпорын қуаты әртүрлі балық түрлерінің 7,5 млн шабақтары және 300 млн дернәсілін өсіруге қауқарлы.

«Биыл облыста акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін субсидиялар ұлғайтылды. Қаржыландыру өседі. Бұл компанияларға жаңа жабдықтар мен құрылғылар сатып алуға мүмкіндік береді. Биоалуантүрлілікті сақтау үшін жыл сайын су айдындарына балықтандыру және оларды паспорттау жүргізіледі», - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

2030 жылға қарай балық саласының көлемін арттыру бойынша келесі мақсаттар қойылған: аулау - жылына 1 200 тоннаға дейін және одан жоғары, бағалы кәсіпшілік балық түрлерін өсіру - жылына 230 тоннадан кем болмауы тиіс.

Жалпы, соңғы 5 жылда балық өндірісі 5 есеге артқан. Мәселен, 2016 жылы 1800 тонна өндірілсе, биыл ол көрсеткіш 10 мың тоннаға жеткен. Тек соңғы 8 айдың ішінде ғана қармаққа түсіп, өңделген балықтардың көлемі 26,3 мыңнан 31,3 мың тоннаға дейін артқан.

Бұл орайда айта кетерлігі, Қазақстанда аталмыш шаруашылықты дамыту тұжырымдасасына сәйкес жылына балық аулап, оны өңдеудің әлеуеті 600 мың тоннаны құрайды. Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын оның тең жартысынан астамын экспорттауға мүмкіндік бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kursiv.kz