АЭА мен индустриялық аймақтарға инвестиция тартылуда

АЭА мен индустриялық аймақтарға инвестиция тартылуда

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар инвестицияларды тартудың негізгі  көзі болып келеді.

Мәселен, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағына келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін кеден салығынан, корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімін беру қарастырылған.

Айта кетейік,  бұдан бөлек «TURKISTAN» АЭА аумағында жалпы құны 408 млрд теңге болатын 23 жоба іске асырылуда. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Сонымен қатар, жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 2 жоба қол қою сатысында және 15 млрд теңге болатын жобаларға келіссөздер жүргізілуде.

Сонымен қатар, Алматының индустриялық аймағында 10 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Қазір мұнда 60 компания жұмыс істеп тұр. Жалпы, бес жыл ішінде отандық және шетелдік инвесторлар өндірісті дамытуға 260 миллиард теңгеден астам қаражат салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда аймақ аумағында кәсіпорындардың бірі жоғары сапалы энергия үнемдейтін ПВХ және алюминий профиль құрылымдарын шығаруды іске қосады. Зауыттың қуаттылығы жылына 475 мың шаршы метр шыныпакет шығаруға жетеді. Сонымен қатар, мұнда энергияны үнемдейтін сәулеттік қасбеттер шығаратын зауыт та жұмыс істейді. Зауытты іске қосуға шамамен 4 млрд теңге инвестиция салынды. Әзірге өнім ірі қазақстандық компанияларға сатылуда. Алдағы уақытта жоспарда бөлшек сауда және Ресей мен Өзбекстан нарықтарына шығу бар.

«Біздің компания - Қазақстандағы жалғыз компания. Барлық компания бір нысанда орналасқан. Өнімдер жоғары сапалы және әлемдік көшбасшылармен бәсекеге түседі», - деді компанияның директоры Сергей Хрущев.

Айта кетейік, биыл Индустриялық аймақта құны 24,1 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 2021 жылы және алдағы уақытта тағы 6 жобаны жүзеге асыруды көзделуде. Олардың жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайды.

 

Фото: camonitor.kz