ҚР мен ЕО арасындағы тауар айналымы 14 млрд долларға жетті

ҚР мен ЕО арасындағы тауар айналымы 14 млрд долларға жетті

Үстіміздегі жылдың 7 айында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 14 млрд АҚШ долларға жуықтады. Тікелей шетелдік инвестициялар биылдың бірінші тоқсанында 1,72 млрд долларға жетті. Бұл жөнінде бейнеконференция режимінде өткен «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық комитетінің отырысы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің  баспасөз қызметі.

Келіссөздердің басты тақырыптары биылдың 1 наурызында күшіне енген Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімі шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше елдер арасындағы саяси диалогты, көпжақты сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды нығайту мәселелері болды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 4 мыңнан астам компания және 2 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын тіркелген. Жалпы сомасы 641 млн АҚШ долларына 17 іске асырылған жоба, сондай-ақ ЕО елдерінің инвесторларының қатысуымен іске асырылатын және пысықталатын жалпы сомасы 8,8 млрд долларды құрайтын 37 инвестициялық жоба бар.

Сондай-ақ, бейне конференция барысында ҚР мен ЕО арасындағы сауда, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы және адам құқықтары саласындағы диалогтық платформалар желісі бойынша бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша нақты пікір алмасылды. Бұған қоса, тараптар арасындағы әуе қатынастарын жолға қою және ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселелері талқыланды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: baigenews.kz