Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 30% артты

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 30% артты

Биыл жыл басынан бері елімізде темір жол көлігімен жүк тасымалдауда оң серпін бар. Өткен жылы осы кезеңде аталған көрсеткіш 263 млн тонна болса, биылғы 8 айда 267 млн тоннаға жетіп, 1,5% өсім болды. ҚР ИИДМ  баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде уақытылы қабылданған шаралар ықпал етті. Атап айтқанда, жүк жөнелтушілер үшін жүктерді сақтау, вагондардың тұрғаны үшін алымдар мен төлемдер, сондай-ақ айлық өтінімдер бойынша тиеу жоспарын орындамағаны үшін салынатын айыппұлдар алынып тасталды.

Бұл орайда Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара өткелдері арқылы жүк тасымалы артқанын ерекше атап өту керек.  2020 жылдың 8 айында көрсеткіш 14 миллион тоннадан асып жығылған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, жүк тасымалының 30% ұлғайғанын байқауға болады. Бұл жөнінде таяуда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаев «Қытай темір жолы» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Лу Дунфумен қатысуымен өткен видеоконференцияда белгілі болды, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Жыл соңына дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 21 млн тоннаға дейін жетеді. Тараптар алдағы уақытта жүк тасымалын ұлғайту үшін «Достық –  Алашанқай» және «Алтынкөл – Қорғас» шекара өткелдеріне баса көңіл бөлетін болады.

Сауат Мыңбаев осы ретте еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін «Достық» станциясын дамыту, жаңғырту жобаларын қолға алатындарын алға тартты.

«Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде 2020-2025 жылдар аралығында «Достық – Мойынты» транспорттық темір жол дәлізін дамытудың алғашқы кезеңін жүзеге асыратын боламыз. Жоба аясында темір жолдар мен бірқатар темір жол инфрақұрылымы нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа жекелген учаскелердің де жұмысын жандандырамыз», – деді Сауат Мыңбаев.

Болашақта осы қолға алынған жұмыстар шекаралық аймақта пойыздарды өткізу мүмкіндігін арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалын жандандыратын болады. Сонымен қатар жоба аясында еліміздегі контейнерлер тасымалдайтын пойыздардың мүмкіндігін арттырып, 2025 жылы «Достық» станциясының жүк қабылдау мүмкіндігін 1 миллионға дейін жеткізу көзделуде.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: kursiv.kz