Жасыл экономикаға басымдық

Жасыл экономикаға басымдық

«Жасыл» экономикаға көшу – жаһандық тренд. Қазақстан оған қоса жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отыр. Бүгінде елімізде баламалы энергетика саласындағы жобалар көбейген. Қазір Алматы және Ақмола облыстарында жел электр станциялары салынуда. Соның бірі Еңбекшіқазақ ауданында бой көтеруде. Станцияның жиынтық қуаты – 60 МВт құрамақ, ол 24 жел энергетикалық қондырғыдан, қосалқы станциялардан және электр беру желілерінен тұратын болады. Бүгінде нысанның өндірістік алаңында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жел электр станциясы жылына 225 750 мың кВтс электр энергиясын өндіреді деп күтілуде.

Ақмола өңіріндегі жел электр станциясы Ерейментау қаласының аумағында орналасқан. Аймақта желдің күшіне байланысты 11 қондырғы орнату жоспарланған. Жалпы қуаты 50 МВт болмақ.

Сонымен қатар, Ақмола облысы Аршалы ауданы Қостомар ауылында «Астана EXPO-2017» жел электр станциясының 2-ші кешенінің құрылысы аяқталуда. Оны пайдалануға беру және 100 МВт толық жобалық қуатына шығару осы жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр. Осылайша, ЖЭС 10 мыңнан астам отбасының жылдық энергия тұтынуын қамтамасыз етуге, парниктік газдардың жылына 230 мың тоннаға азайтуға және жылына 79 мың тоннадан астам отынды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазір елімізде 108-ге жуық жаңғырмалы энергия нысаны жұмыс істейді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерімен өндірілетін электр энергиясы 1,4 млрд кВт/с құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3% - ке көп.

Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы жасыл экономиканы қаржыландыру бағдарламасына 30 млн доллар бағыттайтындығын атап өткен жөн. Қаржы институтын қолдау 2020-2023 жылдарға есептелген. Қаражат үй шаруашылықтары мен шағын бизнестің «жасыл» шешімдерін инвестициялауға арналған. ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басқарушы директоры Агрис Прейманис «жасыл» экономиканы қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қаржы институтының ауқымды жасыл жобасының бір бөлігі екендігін айтты. Оған 27 мемлекет, осы елдердегі 145-тен астам қаржы институты және 4,6 млрд еуро инвестиция тартылған. Әлемдегі GEFF жобалары бойынша СО2-нің қысқару көлемі жыл сайын 8,6 млн тоннадан асты.

Автор: Ақзер Сегізбай

 

Фото: kapital.kz