Қазақстан Үкіметі АӨК саласындағы жобаларды қолдайды

Қазақстан Үкіметі АӨК саласындағы жобаларды қолдайды

Үкімет агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жаңа жобаларды қолдауға әзір. Бұл туралы Үкімет отырысында Асқар Мамин хабарлады.

«Біздің алдымызға өңірде азық-түлік хабын қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Біз АӨК дамыту, экспорттық әлеуетті дамыту үшін үлкен мүмкіндікке иеміз. Еңбек өнімділігін арттырып, жаңа технологиялар енгізіп, тиісінше жаңа экспорттық нарықтарға шығу керек»,-деп атап өтті Асқар Мамин.

Сонымен қатар, салалық ведомствоның басшысы, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, Қазақстан биыл астық өндіру көлемін 18 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл ретте отандық бидай мен ұн Орталық Азия, Ауғанстан және Қытай елдерінің нарықтарына жіберілетін болады. Сондай-ақ, министр биылғы жылдың өнімі жоғары сапамен сипатталатынын ерекше атап өтті.

«Астық қабылдау кәсіпорындарына түскен астық сапасы туралы деректерге сәйкес, дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда, 3-сыныпты бидай көлемінде дән маңызы 25-27% болатын астық үлесі 25,4% пайызға жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 23,4% құраған еді. Ал дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59 пайызға жетті, өткен жылы бұл 42,8 пайыз болатын», - деп толықтырды Сапархан Омаров.

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда егін жинау жұмыстарының 93%  астамы орындалған. Ал жаңа егіннің экспорттық әлеуеті шамамен 8 миллион тоннаны құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 12,5% жоғары. Осылайша, Мамин ел Үкіметі астықты қайта өңдеу өнімдерінің өндірісі мен экспортын ұлғайтуға үміт арту керектігін айтты.

 

Фото: strategy2050.kz