Шымкентте Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын құрылысы басталды

Шымкентте Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын құрылысы басталды

Индустриялық аймақтар – өнеркәсіпті дамыту мен жоғары технологиялық өндірістерді құру және инвестиция тарту көзі. Бұл тұжырымға мысал ретінде «Оңтүстік» аймағын айтуға болады. Мұнда қақпағы бар алюминий құтылары шығарылатын болады. Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорында жылына алюминий құтысының 500 млн данасы шығарылады деп жоспарлануда.

«Қазір елімізде алюминий құтыларына сұраныс бар. Себебі бұрындары мұндай өнім елімізде шығарылмайтын. Бұлар Ресейден әкелінетін. Логистика тасымалы болған жерде баға да жоғары болады»,- дейді ЖШС құрылтайшысы Рустам Сухов.

Бұл – шаһардағы металл құрастыратын ең ірі зауыт. Жобаға шетелдік инвесторлар да қаржы құйған. Қазір өндіріс орнында алғашқы құрылысқа қажетті материалдар дайындалып жатыр. Ал толық түрде жұмысын бастағанда жылына 500 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы.

«Жұмысты бастағанымызға 10-15 күн болды. Үшбұрыш, төртбұрыш швеллер арматуралардың 8-інші өлшемінен бастап 26-ыншысына дейін істеп жатырмыз»,- деп атап өтті ЖШС құрылтайшысы Айман Әмірбекова.

Индустриялық аймақтағы шыны зауытының  өнімдеріне де сұраныс жоғары. Мұнда газдалған сусындар, сүт, шырындар және басқаларын өндірушілерге арналған өнімдер шығарылады. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, мегаполисте бұдан да басқа миллиардтаған қаржыға түрлі жобалар жоспарланған.

«Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында алғашқы екі бесжылдықта 2011-2019 жылдар аралығында біздің қалада жалпы сомасы 182 миллиард теңгеге 105 жоба жүзеге асырылды. 2020-2025 жылдары үшінші бесжылдық басталды. Біз қазір жалпы сомасы 328 млрд теңгені құрайтын 35 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз»,-дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.

Келешекте индустриялық аймақта фармацевтика, жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласындағы жаңа кәсіпорындар ашылмақ.

 

Фото: 24.kz