Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы басталды

Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы басталды

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты. Айта кетейік, форум биыл алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін кемінде 1,5 есеге арттыру туралы нақты тапсырма жүктеді. Отандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінің локомативі болды және ел басшылының басты назарында қала береді»,- деді Роман Скляр.

Роман Склярдың айтуынша, бүгінде елімізде машина жасау индустриясы қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазірдің өзінде саланың индикаторлары елдің бүкіл өндірістік секторында жетекші орындарға ие болды. 2020 жылдың 8 айының қорытындысында машина жасау саласы 16% өсім көрсетті. «Осы нәтиженің барлығы мемлекет пен бизнестің қажырлы еңбегі»,- деп атап өтті спикер. Шынында да, республиканың алдында ең алдымен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін құру, жаңа технологияларды енгізу, базалық салаларды, жергілікті қамтуды дамыту және экспортты ілгерілету тетіктері арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр, деді ол.

«Бүгінде отандық машина жасау кәсіпорындары Қазақстанның даму банкі, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламалары тетіктерін қоса алғандағы жеңілдікпен қаржыландырудан бастап, жеңілдікті лизинг пен экспортты ілгерлететін тетіктерін пайдалану арқылы сатуға дейінгі мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын қолдана алады. Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен алаңында қарапайым заттар экономикасы бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі мәселелерін жедел шешетін Жобалық кеңсе жұмыс істейді. Оның аясында кәсіпкерлік субъектілерін барынша қамту үшін қызметтер кодының тізбесі кеңейтілді, қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемесі 6% дейін төмендетілді, жергілікті атқарушы органдар үшін жергілікті қамту бойынша KPI белгіленді. Аталған тетіктерге қосымша Өнеркәсіпті дамыту қоры деп аталатын жаңа тиімді тетік пайда болады. Қазақстанның машина жасауды дамытуға жәрдемдесу мақсатында 2019-2024 жылдарға арналған саланы дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда», - деді Роман Скляр.

Айта кету керек, форум аясында «Kazakhstan Machinery Fair 2020» машина жасау және металл өңдеуге арналған алғашқы халықаралық мамандандырылған көрме де өтеді. Жалпы, форум жұмысының қорытындысы бойынша машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, осы ұсыныстар қойылған міндеттерді бірлесіп шешу үшін Үкіметке жіберіледі.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: tengrinews.kz