Қазақстанда жапондық технологиялар негізінде криптовалюталық биржа ашылады

Қазақстанда жапондық технологиялар негізінде криптовалюталық биржа ашылады

Қазақстанда жапондық технологиялар негізінде криптовалюталық биржа ашылады. Бұл туралы Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде ұйымдастырылған онлайн режиміндегі кездесуде белгілі болды. Жаңа қаржылық құрылым «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасында жұмыс істейді деп жоспарлануда.  

Бұдан бөлек, АХҚО қызметін дамыту аясында жапондық компаниялар осы елдің замануи технологиясы негізінде өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және коммуникациялар салаларына цифрландыру және блокчейн-технологияларын енгізу бойынша жобаларды жүзеге асырмақ.

Сонымен қатар, тағы екі жапондық компания отандық қызмет көрсету кәсіпорнымен бірлесіп Атырау облысында мұнай өңдеу, тау-кен өндіру және құрылыс салалары үшін металл өнімдерін шығаратын зауыт салу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Айта кетейік, зауыт құны 8 млн АҚШ долларын құрайды.

Кездесуде Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев COVID-19 коронавирусының пандемиясынан туындаған экономикалық құбылмалыққа қарамастан, жапондық инвесторлар Қазақстанда жасалған тиімді инвестициялық жағдайларға қызығушылық танытып отырғанын   жеткізді. «Аталған жобаларды іске асыру жөніндегі уағдаластықтар шағын және орта бизнес нысандары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін көрсетеді»,- деп, атап өтті елші.

Жиында тараптар жалпы сомасы 46 млн долларды құрайтын еліміздегі  инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі екіжақты құжаттарға қол қойды.

Айта кетейік, Жапония еліміздің ірі инвесторларының бірі. Күншығыс елі 1993 жылдан бері Қазақстанға 7,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: kp.kz