Биыл өңірлерде 995 млрд теңгенің 206 жобасы іске қосылады

Биыл өңірлерде 995 млрд теңгенің 206 жобасы іске қосылады

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы мәселелері бойынша баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, бизнес-инкубатор елде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобиль өндірушілері үшін қажетті 2 мыңнан астам бөлшек пен тораптарды шығару арқылы отандық өндіріс үлесінің өсуіне ықпал етеді. Әрі жаңа құзіреттерді ұлғайтуға әсері болады.

«Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуатына шығады. Қостанай қаласының өнеркәсіп аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарының құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарланып отыр», - деді министр.

Министрдің дерегінше, өндірілетін өнімнің 95 пайызы экспортқа бағдарланған.

«Нәтижесінде Ресейді, ТМД-ны, сондай-ақ Daimler AG неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады. Осылайша, өңір аграрлық бағыттан дамудың индустриялық-инновациялық кезеңіне өтеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Сондай-ақ Бейбіт Атамқұлов министрлік өңірлермен бірлесіп, өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын Индустрияландыру карталарын жасайтынын айтты. Онда облыстардың ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары ескерілген.

«Биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Салалар бойынша алсақ, ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде – 76 жоба. Құрылыс материалдары мен машина жасау саласында – тиісінше 38 және 19 жобадан», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4300 жұмыс орны ашылды.

«Үшінші тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі биыл төртінші тоқсанында іске қосылады. Жалпы жобалар кесте бойынша жүзеге асырылуда. Проблемалық мәселелер әкімдіктермен бірлесіп шешілуде», - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда келеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz


×