Қазақстан шетелдік инвестицияларды белсенді түрде тартуда

Қазақстан шетелдік инвестицияларды белсенді түрде тартуда

Биылғы жылы Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Finprom.kz хабарлауынша, Нидерланды, АҚШ және Ресей біздің елге басқаларға қарағанда көп инвестиция салуда.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Мысалы, республикада оңайлатылған салық режимі жұмыс істейді, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп отырады және инвестициялық преференциялар пакеті кеңейтілуде.

Қазірдің өзінде ірі халықаралық банктер мен инвестициялық компаниялар үшін Астана халықаралық қаржы орталығы тартылыс орталығына айналып үлгерген. ЕАЭО мен Орталық Азия үшін инвестициялар ағыны мен ішкі қаржы нарығының дамуына қолдау көрсетуге арналған бірегей институт. АХҚО-да ағылшын құқығының қағидаларына негізделген арнайы құқықтық режим және үздік халықаралық стандарттарға негізделген тәуелсіз реттеуші орта, сондай-ақ Орталықтың биржасы ұсынатын қызметтердің кең спектрі бар. Бүгінгі таңда орталық инвестицияларды тарту бойынша өзінің тиімділігін көрсете білді. Оның негізінде әлемнің 42 елінен 500-ден астам компания тіркелген. Олардың қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Ресей, Италия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия және басқалары бар.

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша әлемдік экономика құлдырау динамикасын сақтап қалғанын атап өткен жөн. Пандемияның таралуын тежеуге бағытталған карантиндік шаралар экономикаға кері әсер етті. Осыған қарамастан, көптеген халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауы бойынша Қазақстан сыртқы күйзелістерді жеңілдетуге жеткілікті мемлекеттік қарыз деңгейін және бюджеттік резервтердің едәуір мөлшерін сақтап отыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің болжамдық деректері бойынша, елдің ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі 2021 жылы 2,8%, ал 2025 жылы - 4,6% құрайды. Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде. Сонымен қатар, биыл Moody’s және FitchRatings рейтинг агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.

 

Фото: inform.kz