Қазақстандағы ақылы жолдар мерзімінен бұрын тапсырылады

Қазақстандағы ақылы жолдар мерзімінен бұрын тапсырылады

«Қарағанды – Балқаш» автожолы мерзімінен бұрын пайдалануға берілетін болды. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов «QazAvtoJol» ұлттық компанияның тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде осындай жаңалықпен бөлісті.

«Қарағанды – Балқаш автожолының арасы – 363 шақырым. Қазір онда толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз келесі жылдың соңына дейін ол жолды аяқтаймыз. Бәлкім ұсақ-түйек жұмыстар қалуы мүмкін», - деді Ұлан Әліпов.

Компания басшысының айтуынша аталған жолды жоспар бойынша 2023 жылдың мамыр айында аяқтау көзделген. Бірақ жаңа жол төсеу жұмыстары  жеделдетіліп, келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ұлан Әліпов елімізде қанша шақырым жол ақылы болатынын айтып берді.

«Биыл 5800 шақырым жолға толығымен монтаждау жұмыстары жүргізіліп, тесттік режімде іске қосылады. Ставка бойынша мәселені бізге егжей-тегжейлі зерттеу міндеті жүктелді. Алда талай қоғамдық тыңдау өткізіледі. Тиісті тапсырма түскеннен кейін жұмысты жалғастырамыз. 2024 жылдың аяғына дейін 11 мың шақырым жолды ақылы етуіміз керек», - деді мекеме басшысы.

Айта кетейік, биыл «Нұрлы жол 2» бағдарламасы басталды. 2015-2020 жыл аралығындағы  «Нұрлы жол 1» бағдарламасы бойынша 13 мың шақырым жол қайта жөндеуден өткізілді. Тағы 8 мың шақырым жол І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгізілді.

 

Фото: inbusiness.kz