Қазақстан инвесторлар үшін визалардың қолдану мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтты

Қазақстан инвесторлар үшін визалардың қолдану мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтты

Елімізде электронды виза беру тәртібі бекітілді. Сәйкесінше, Қазақстан Республикасына шақыруларды ресімдеу және визаларды беру Қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі. Бұл орайда бір мәртелі іскерлік, туристік және емделуге арналған визаларды электрондық форматта ала алатын 109 елден тұратын тізім кеңейтілді. Мемлекеттік шекарадан өту Қазақстанның барлық халықаралық әуежайларында жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, жаңа ережелерге сай бұрынғы отандастарға өтініш негізінде 3 жылға дейінгі мерзімге жеке сапарға арналған көп мәртелі визаларды алуға құқық беріледі. Ал, инвесторлар үшін визалардың қолданылу мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды.

Құжатта «Астана» халықаралық қаржы орталығының» инвестициялық резиденттеріне виза беру тәртібі айқындалды. Енді бизнес-көшіп келушілерге шақыру ресімдеу барысында ел облыстарының, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың жергілікті атқарушы органдарының қолдаухатын көші-қон қызметіне ұсыну талабы алынып тасталды.

Бұған қоса Қазақстанның аумағында жеке, жұмыс және білім беру визаларын отбасын біріктіру санатына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстанның діни қызмет саласындағы уәкілетті органының жазбаша келісімі болған жағдайда, ел аумағында миссионерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдіктерге визасын ұзартуға шектеу алынып тасталды. Бұған дейін бұл визаның бір рет қана ұзартылуына жол беріліп келген болатын.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz