Сарапшы пікірі: жылжымалы мүлік нарқының жағдайы өзгеруі мүмкін

Сарапшы пікірі: жылжымалы мүлік нарқының жағдайы өзгеруі мүмкін

Коронавирус айылын жиар емес. Қатерлі індет тұрғын үй нарығына қатты әсерін тигізіп жатқан жоқ дейді, мамандар. Бүгінде нарықтағы даму тұрақты. Аталмыш сала қайта жанданып келеді. Төтенше жағдай уақытында баспана алу жағы тұралап қалғаны рас. Алайда, өткен тамыз айынан жағдай оңала бастады. Адамдардың денін жеке пәтер иемдену мәселесі жиірек алаңдата бастаған. Жалдамалы пәтерден гөрі өз үйі болғанын қалайтындар саны артып келеді дейді, сарапшылар.

«Бағалары өткен жылғымен салыстырғанда айтарлықтай өзгере қоймады. Тұрғын үй сатып алу маңызы біздің менталитетімізге жақын.  «Өз үйім - өлең төсегім» демекші, жеке баспанасы бар адам өзін қауіпсіз сезінеді», - дейді Қазақстанның бірлескен риэлторлар қауымдастығы кеңесінің мүшесі  Галина Ярошенко.

 Жаңадан салынған немесе екінші дәрежелі тұрғын үй  -  қайсысы тиімді? Бұл  пәтер иемденушінің қалтасы мен қалауына тікелей байланысты. Құрылыс компаниясын таңдау жағына да мұқият болған жөн деген кеңес береді сала мамандары.

«Әрине біз бәріміз де, қаланың орталық аудандарында орналасқан бағалы баспанада тұрғымыз келеді.  Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерден пәтер алуға көбі күмәнданады. Бұндай тәуекелге бел бууға бара қоятындары шамалы. Алайда, бүгінде бұл күдікті сейілтетін құрылысқа үлескірлікпен қатысу және өзгеде тұрғын үй иемденудің тиімді бағдарламалары бар.  Жағдай бұдан 5 жыл бұрынғыдай емес, біршама жақсарып қалды. Мен бұл істе қалтаңызға қарауға керңес берер едім. Кірісті есептеп алған жөн болады. Кейін мүмкіндік туған кезде тұрғын-жайдың іргесін кеңейтіп, жайлырағын алуға болады», - дейді Қазақстанның құрылысшылар одағының мүшесі Серікжан Мергенбаев

Сарапшының айтуынша, баспана құнына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Зейнетақы жарналарының ипотекалық қарызды жабуға берілетін мүмкіндік пен өзгеде жеңілдетілген несиелеу жолдары адамдарды ынталандыратыны сөзсіз дейді маман. Коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін деген күдік те көпшіліктің пәтер алуға деген ниеттерін тежеп тұрғаны жасырын емес. Шекаралардың ашылмауы құрылыс материалдары бағасының өсуіне сеп болады дейді, Серікжан Мергенбаев.

«Құрылыс материалдарының бәрін бірдей шетелден алмаймыз. Көбі өзімізде шығарылады. Дейтұра доллардың бағамы әсер етпей қоймайды.  Біз әр пәтердің өзіндік құны өспеуі үшін қолдан келгенін жасауға тырысып жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй жинақ банкінің негізінде баспанаға зәру жандардың мәселесін шешуге арналған «Отбасы» банкі құрылады», - дейді маман.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kn.kz


×