Кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді

Кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді

Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданады. Олардың бірі ретінде кәсіпкерлерге қосымша көмек көрсету мақсатында шағын және орта бизнестің қазіргі кредиттері бойынша проценттік мөлшерлемелерді субсидиялау жүзеге асырылады әрі түпкілікті жылдық мөлшерлеме 6 пайызға дейін жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.  Оның атап өтуінше, субсидиялау төтенше жағдай жарияланған кезден бастап 12 ай мерзімді қамтиды. Бұл шара «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында іске асырылады.

«Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданады. Оған тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру, тиісті комиссия құру арқылы барлық реттеушілік талаптарды қайта қарау және оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді. Кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізу арқылы реттеушілік аппеляция институтын енгізу бойынша шаралар қабылданады», - деді Руслан Дәленов.

Сондай-ақ министр қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасатынын айтты. Тұтастай алғанда бұл 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға дейін әрі ондағы жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді. Осы ретте ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.

«Салалар тізбесін Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, анықтайтын болады. Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады», - деді Ерболат Досаев.

Еске сала кетсек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында әлем бойынша өршіген коронавирустың кесірі бизнеске тигенін баса айтқан болатын. Сондықтан мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске көмек көрсету үшін қосымша іс-шаралар жоспарын құруды жүктеді. Қазір барлық тиісті салалық ведомстволар бұл тапсырманы орындауға кірісіп кетті. Мәселен, экономика министрлігі бизнес үшін салық пен төлем санын барынша азайту мәселелерін қарастырып жатыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: prodengi.kz