Экспорттың жаңа мүмкіндіктері: «QAZTRADE ACCELERATOR» бағдарламасының бірінші кезеңінің қорытындылары шығарылды

Экспорттың жаңа мүмкіндіктері: «QAZTRADE ACCELERATOR» бағдарламасының бірінші кезеңінің қорытындылары шығарылды

Қазақстанда жасалған өнімдер әлемдік сауда орталықтарының сөрелерінде. Отандық кәсіпорындар осы бағытта жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

Осылайша, отандық 97 компанияның 35-і ҚР Сауда және интеграция министрлігінің «QAZTRADE ACCELERATOR» экспорттық акселерация бағдарламасының келесі кезеңіне өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, биылғы жылы акселерация бағдарламасының аясында қытайлық сатып алушылармен экспорттық келісімшарттар жасау үшін басты назарды тамақ өнеркәсібіне аудару туралы шешім қабылданды.

«Аталған компаниялардың арасында экспорт саласына жаңадан келгендер де бар, 2 компания өз өнімдерін бұрын шетелге сатпаған, сондай-ақ бұрын бір реттік (санаулы) жеткізуді жүзеге асырған компаниялар да бар. Олардың мақсаты – шетелдік нарықтарда ұзақ мерзімге орналасу», - деді экспорттық акселерация бағдарламасының алғашқы оқыту вебинарының кіріспе сөзінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Министрдің пайымдауынша, Қытай нарығының ауқымына қарамастан, оған қолжетімділік деңгейі шектеулі. Бұған себеп – экспорттық процедураның ұзақтығы, шамамен 90 күн, сондай-ақ, нарықтың ерекшелігі. Оның үстіне шығарылған өнім қандай керемет және пайдалы болса да, тиісті жарнамасыз және орамасыз, өкінішке орай, оны сату қиынға туады. Акселератордың міндеті – кәсіпорындарды бастапқы кезеңдерден бастап өз өндірісін сыртқы нарықтарға бағыттауға үйрету.

«Біздің өнімдер жоғары сапалы болғандықтан сұранысқа ие, дегенмен бірқатар себептерге байланысты біздің тауарлар Қытай дүкендерінің сөрелерінде жеткілікті түрде ұсынылмаған. Акселератордың міндеті – отандық өнімдеріміздің Қытай нарығында ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету», - деді «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Арман Абенов.

Күзде өтетін бағдарламаның екінші кезеңі шеңберінде әрбір қатысушы үшін егжей-тегжейлі профиль жасалынатын болады. Онда экспорттаушы компанияның күшті және әлсіз жақтарына талдау жүргізіледі, әлеует деңгейі айқындалады. Сондай-ақ, қатысушы компанияның профилі шет ел нарығында қазақстандық өнім үшін техникалық регламент талаптары сияқты ақпаратты да қамтитын болады.

Сонымен бірге, қатысушы компанияларға нарыққа шығудың одан әрі қадамдары бойынша ұсыныстар беріледі.

Бағдарламаның соңғы кезеңдерінің бірі – іріктелген 35 компанияның Шанхайдағы 3-ші Дүниежүзілік CIIE-2020 импорттық көрмесіне қатысуы болмақ. Бүгінгі таңда көрме соңғы жылдары кәсіпорындар арасында мәмілелер жасаудың негізгі әлемдік алаңына айналды.

Сонымен қатар, бағдарламаға қатысуға өтінім берген, бірақ іріктеуден өте алмаған компаниялар келесі жылдары бағдарламаға қатысушылардың резервін толықтырады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: astanatimes.com