Қазақстанда биыл 18 миллион тонна астық жинау жоспарланып отыр

Қазақстанда биыл 18 миллион тонна астық жинау жоспарланып отыр

Биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауылшаруашылығы министрі  Сапархан Омаров мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 3,3 млн гектар дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Өткен жылы осындай кезеңде бұл көрсеткіш шамамен 1,5 есеге аз болған.

«Биылғы жаз маусымында өткен жылғыдай қуаңшылық болды. Төтенше жағдай мен карантин режиміне қарамастан, егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізілді. Ылғалды жабын мен топырақты егіс алдындағы өңдеу бойынша Сапалы және уақытылы жүргізілген іс-шаралар топырақтың өнімді ылғалдығын сақтап қалуға мүмкіндік берді», - деді Сапархан Омаров.

Сонымен қатар министр статистикалық деректер бойынша, биылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарды құрайтынын жеткізді. Оның негізгі үлесі 16 млн гектарға жуығы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алабына берілген. Оның айтуынша, мемлекеттің тұқым өндірісін қолдау жөніндегі қабылдаған шаралары ауылшаруашылық дақылдарының қолайсыз ауа-райына төзімділігінің артуына әсер етті.

 «Өткен жылмен салыстырғанда тұқым өндірісіне субсидиялар 49% артты. Субсидиялау тетігі жетілдірілді, оған сәйкес сұранысқа ие шетелдік сұрыпталған тұқым сатып алуға шығындар субсидияланады, сонымен қатар элиталық тұқым шаруашылығына алда тағы көбейе түсуіне түпнұсқалық тұқым сатып алуға қолдау көрсетіледі», - деп толықтырды министр.

Жалпы, барлық қабылданған шаралар есебінен биылғы астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Сонымен қатар Сапархан Омаров Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз ете алатынын да жеткізді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: didarbek.kz