Үкімет Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады

Үкімет Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады

Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Moody's және FitchRatings рейтинг агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлады.

Осы жылдың 21 тамызында FitchRatings агенттігі «тұрақты» болжамымен «BBB» деңгейінде рейтингті нақтылады. FitchRatings пікірінше, Қазақстанның рейтингі экономиканың фискалдық тұрақтылығын, экономиканы қолдаудың тиімді шараларын және ақша-кредит саясатын сәтті жүргізуді көрсетеді», - деді Руслан Дәленов.

Ведомство басшысының айтуынша, сыртқы және ішкі жағдайларды ескере отырып, Қазақстан экономикасын дамытудың алдағы 5 жылға арналған 3 ықтимал сценарийі әзірленді. Бұл — базалық, оптимистік және пессимистік сценарий.

 «Базалық сценарий бойынша ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,0%, оптимистік – 4,5% , пессимистік – 3,0% құрайды. Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Базалық сценарийде жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6%-ға жетеді.

Өз сөзін қорытындылай келе министр әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: inform.kz