Қазақстанда өзгерістер менеджерлерінің командалары жұмысқа кірісті

Қазақстанда өзгерістер менеджерлерінің командалары жұмысқа кірісті

300-ге жуық маман – менторлар мен өзгерістер менеджерлерінің командалары мемлекеттік саясаттың 11 саласында: білім беруде, геологиялық барлауда, сауда және логистикада, өнеркәсіпте, оның ішінде жаңа индустрияда, құрылыста, өңірлік дамуда, денсаулық сақтауда, медиа саласында, ауыл шаруашылығында, туризм мен су ресурстары саласында 37 нақты міндетті шешу үшін қажетті жаңа тәсілдер мен идеяларды таныстырды.   

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте көшбасшылар мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың жұмысын қалай өзгертуге болатынын айтып берді. Еске салсақ, бағдарлама Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында іске асырылып жатыр. Оның мақсаты –  «100 нақты қадам» ұлт жоспарын сапалы орындау.

Бұл жерде ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыру, Қазақстанның аймақтық азық-түлік хабы ретінде қалыптасуы, сапалы инвестицияларды тарту үшін жаңа тәсілдерді әзірлеу, күшті кәсіпкерлік класын құру сынды мәселелерге басымдық берілмек. Сондай-ақ, қазақстандық экспортты қарқынды ілгерілету, жеделдетілген цифрландыруды қамтамасыз ету, білім беру мен озық ғылымды дамыту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту және инфрақұрылымды одан әрі кешенді дамыту бойынша негізгі бағыттар бойынша жұмыс күшейтілмек.

«Білім беру мен адам дамуына инвестициялар салу – тұрақты әрі ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің негізгі факторы. Әрбір табысты идеяның, практиканың, реформаның артында адам тұр. Сіздердің әрқайсыларыңыздың әлеуетіңіз, кәсіби білімдеріңіз, ең бастысы, Қазақстанның гүлденуіне жеке үлес қосуға деген ниеттеріңіз бар», — деді А. Мамин.

Премьер-министр Үкімет мүшелеріне өздерінің салалық командаларымен тұрақты жұмыс кездесулерін өткізуге ерекше назар аударуды және алға қойылған міндеттерді іске асыруға қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды. Олар ұсыныстарды нақтылап, оларды енгізудің нақты жоспарларын әзірлеу қажет.

Еске салсақ, өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы – Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасы. Конкурстың қорытындысы бойынша 2 958 үміткердің ішінен үлкен практикалық жұмыс тәжірибесі бар, оның ішінде жетекші ұлттық және шетелдік ұйымдарда еңбек еткен 230 сарапшы іріктеліп алынды. Бағдарламаға менторлар ретінде Қазақстанның, АҚШ-тың және Еуропа елдерінің мемлекеттік және жеке секторынан 50-ден астам маман қатысады.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: primeminister.kz