АІХ-те алғашқы «жасыл» облигациялар листингі өтті

АІХ-те алғашқы «жасыл» облигациялар листингі өтті

АХҚО-ның Astana International Exchange биржасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 200 млн теңгенің «жасыл» купондық облигацияларын шығарды. Құнды қағаздардың айналу мерзімі -  36 ай. Купондық мөлшерлеме – 11,75%.

«Бұл орналастыру биржаның «жасыл» қағидаттарына сәйкес келетін бағалы қағаздардың алғашқы листингі және жалпы алғанда Қазақстандағы алғашқы «жасыл» облигациялар листингі болды», деп хабарлайды АХҚО-ның баспасөз қызметі.

Еліміздегі алғашқы «жасыл» облигациялар қайта жаңартылатын  қуат көздеріне инвестициялау тәуекелдерін төмендету жөнінде БҰҰ Даму бағдарламасымен жасалған келісімнің шеңберінде жарық көрді. АХҚО «Жасыл қаржы» орталығы жобаны жүзеге асыруға толық қолдау көрсетті. Жоғарыда аталған келісімнің шеңберінде «Даму» қорының купондық мөлшерлемесінің қоса санаған 12% көлеміндегі бір бөлігін БҰҰ ДБ субсидиялайды. Бұдан басқа, БҰҰ ДБ  инвестициялық жобаларды іріктеуде техникалық қолдау көрсетеді.

«Жасыл облигациялар бойынша біздің алғашқы эмитентімізді қошеметтеуге қуаныштымыз. «Даму» қорының біздің «жасыл» қағидаттарымызға сәйкес келетін бағалы қағаздарының листингі «жасыл» экономиканы дамытуға қаражат тартатын басқа да ұйымдар үшін үлгі болады деп сенеміз», - деп атап көрсетті АІХ басқармасының төрағасы Тим Беннетт.

АІХ-тегі «жасыл» облигациялар листингі «Даму» қоры үшін «жасыл» қаржыландыру және микро-, -шағын-, орта жеке бизнесті қолдау стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болды.

«Бұл шығарылым жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі саласындағы жобаларды дамытуға және қаржыландыруға ынталандыратын болады деп сенеміз. «Жасыл» қаржыландыруға сұраныс артқан жағдайда, «Даму» қоры осындай жобаларға инвестициялауға арналған «жасыл» облигацияларды қосымша шығару мүмкіндігін қарастыруға әзір», - деді «Даму» қоры басқармасының басшысы Гаухар Бөрібаева.

 

Фото: kapital.kz