Тауарлы балық өсіру кезінде жемді субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыруға 430 млн теңге қарастырылған

Тауарлы балық өсіру кезінде жемді субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыруға 430 млн теңге қарастырылған

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту перспективалары талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда. Биыл жаңа транш қарастырылған.

«Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл біз қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырдық. Қазіргі уақытта 30-ға жуық балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда», — деді министр.

Бұдан өзге, бизнес пен «Атамекен» ҰКП ұсыныстары негізінде биылғы тамыз айынан қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау енгізілді.

Атап өтерлігі, соңғы 10 жылда отандық балық шаруашылығы саласында 13,9 млрд теңге соманың 13 жобасы қаржыландырылды. Жыл сайын Қазақстан әлемнің 36 еліне 30 мың тонна балық өнімін экспорттайды.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: inventure.com.ua