Бизнестің жол картасы: кәсіпкерлерге қолдау қандай?

Бизнестің жол картасы: кәсіпкерлерге қолдау қандай?

«Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 10 жыл ішінде шағын және орта бизнестің 16 мыңнан астам жобасы субсидияланған. Отандық кәсіпкерлерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қазақстандық ұлттық холдинг көмек көрсетті.

«Шағын және орта бизнесті қолдаудың қажетті құралдарының бірі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау болып табылады. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Даму» қоры бағдарламаның үш бағыты бойынша 2010 жылдан бастап 2,8 трлн теңгелік 16311 жобаны субсидиялады. Оның ішінде 2018 жылы жалпы сомасы 173 млрд теңгелік 1 432 жобаға, ал 2019 жылы 154 млрд теңгелік 2 402 жобаға қолдау көрсетілді. Яғни, салыстырсақ, біз қолдау көлемін арттырып жатырмыз», - деп атап өтті ұлттық басқарушы холдинг басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин жұма күні өткен брифинг барысында.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдаудың арқасында елордада радиотерапия және ядролық медицина емдеу-диагностикалық аурухана кешені пайда болғанын атап көрсетті.

«Бұл – Қазақстан мен Орта Азиядағы бірегей кешен. Мұнда онкологиялық науқастарды томотерапияның жаңа заманауи әдісі, яғни сәулелік терапияның жаңа әдісі, бойынша «TomoTherapy HD» жабдықтарын қолдана отырып емдейді. Осы әдістің арқасында қатерлі ісіктің барлық түрлерін емдеуде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады», - деді Рустам Қарағойшин.

Спикер хабарлағандай, өңдеу өнеркәсібінде, көлік және қоймалау саласында, көтерме және бөлшек саудада, сондай-ақ, ауыл шаруашылығындағы жобларға ең көп субсидия бөлінген.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: newsroom.kz​