ҚР ҰЭМ: Экономиканың нақты секторында өсім жалғасуда

ҚР ҰЭМ: Экономиканың нақты секторында өсім жалғасуда

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі озық қарқынмен өсуде, өсім 3,8% құрады. Бұл өсім негізінен фармацевтиканың, дайын металл бұйымдарын өндірудің, машина жасаудың, оның ішінде автомобиль жасаудың, жеңіл өнеркәсіптің өсуімен қамтамасыз етілді.

«Өңірлер бойынша жоғары өсім Қостанай (18,9%), Түркістан (15,8%), Солтүстік Қазақстан (8,8%) облыстарында байқалады.  4 өңірде төмендеу тіркелді. Бұл – Ақтөбе (-4,4%), Павлодар (-0,8%) және Батыс Қазақстан (-0,1%) облыстары және Шымкент (-1,1%) қаласы», - деді министр.

Сонымен қатар, құрылыста – 6,3%, ауыл шаруашылығында 2,5% өсім тіркелді.

«Құрылыс жұмыстарының жоғары өсуі Шымкент қаласында және Түркістан облысында байқалады. 7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға көп», - деп мәлім етті Р.Дәленов.

Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, сондай-ақ мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі байқалады, бұл экономиканың өсуін тежеуші факторы болды. Бұл ретте мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі нәтижесінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 0,4%-ға төмендеді.

 «Тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша оң қарқын сақталды, көмір өндіру бойынша өсім 2,6 %, металл кендері 2,3 %, табиғи газ 0,9%», - деді министр.

Сөз соңында сала басшысы экономикалық белсенділікті қалпына келтіру жөнінде қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды уақытылы және тиімді іске асыруды қамтамасыз етуді және өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыра түсудің қажеттілігіне назар аударды.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: baigenews.kz