Қазақстан ОПЕК + келісімі аясында қабылданған міндеттемелерді орындауда

Қазақстан ОПЕК + келісімі аясында қабылданған міндеттемелерді орындауда

Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында қабылданған міндеттемелерді орындап жатыр. Келісімге сәйкес, Қазақстанның шілде айындағы міндеттемелері тәулігіне 1,319 млн баррельді құрайды. Бұл жайында энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдын ала келтірілген мәлімет бойынша, шілде айында орташа тәуліктік өндіру тәулігіне 1,313 млн баррель немесе міндеттемелердің 101%-ін құрады.

Министрліктің хабарлауынша, республика келісімнің міндеттемелерін орындау барысы туралы деректерді ОПЕК+ хатшылығына жолдады.

Айта кетейік, Қазақстан сәуір айында ОПЕК+ қатысушы елдер арасында 2020 жылдың мамыр-шілдесінде мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін ұжымдық қысқарту туралы келісім бойынша жаңа міндеттемелерге қосылды.

«ОПЕК+ келісіміне қатысу сұраныспен ұсыныс теңгерімін және мұнай бағасын қалпына келтіруге бағытталған. Қоймаларда мұнайдың толып кету қаупін болдырмау үшін энергетика министрлігі орта, ірі және алып кен орындарында өндірісті шектеу туралы шешім қабылдаған болатын. Кен орындарының барлық түрлері үшін мұнай өндіруді қысқарту бойынша міндеттемелерді әділ бөлу көзделді», - делінген ақпаратта.

Мәмілеге қатысу арқасында нарықтың барлық қатысушысы мұнай өндірудің бақылануына және біртіндеп төмендеуіне қол жеткізді. Бұл әлемдік мұнай саласына оң әсер етті, деп толықтырды ведомство.

 

Фото: 24.kz