Қазақстанда бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады

Қазақстанда бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантиндік шараларды ұзарту және карантиннен кейінгі кезеңге дайындық жөніндегі тапсырмасының орындалу мәселелері қаралды.

Үкімет басшысы алдағы екі апта ішінде өз қызметін уақытша тоқтатқан экономика салаларының қызметін қалпына келтіру бойынша жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын әзірлеу міндеттелді.

Ең көп зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілеріне мемлекеттік қолдау шарасы ретінде несие төлемдерін осы жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімге кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылатынын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, Премьер-Министр бизнес субъектілерінің қызметіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекітуді, сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық ережелерді сақтауына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

Айта кетейік, кәсіпорынның жұмысына салынған тыйымды алып тастау алгоритмі кәсіпкерлерді тіркеуді және «Info Kazakhstan» электрондық платформасында қызметті қайта бастауға өтінімдер қабылдауды қамтиды. Әкімдік, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері мен жұртшылық өкілдерінен құралған Комиссия тексергеннен кейін бизнес субъектілеріне қызметін қайта бастауға электрондық рұқсат беріледі.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне коронавирус инфекциясының алдын алу және ақпараттандыруды арттыру бойынша мобильді қосымшаларды ендіруді тапсырды.

 

Фото: primeminister.kz