ҚР ҰЭМ экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарын таныстырды

ҚР ҰЭМ экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарын таныстырды

Отандық өнімнің өндірісін арттыру. Бұл мақсатта 44 жоба жүзеге асырылмақ. Жақын арада ел аумағында бірқатар құс фабрикасы, ет комбинаттары, сүт, қант пен балық өңдеу зауыттары қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, импорт алмастыру қамында алма бақтарын дамыту жобасы қолға алынады. Бұл жөнінде онлайн брифинг барысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Оның айтуынша, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділіктің 5,6% төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда тауарлар өндірісі 4,1% өскен.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің өсуіне автомобиль жасау (46%), фармацевтика(24%), дайын металл бұйымдарын өндіру (20%), жеңіл өнеркәсіп (8%), резеңке және пластмасса бұйымдарын (8%) және қағаз өндіру (15%) есебінен қол жеткізілді», - деп нақтылады Ұлттық экономика министрі.

Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін арнайы кешенді жоспар құрылған. Оның аясында еліміздің іскер азаматтарын ынталандыратын салықтық жеңілдіктер, несиелеу көлемін ұлғайту, ішкі өндірісті қолдау, инфрақұрылымды дамыту және халықты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Министрдің мәліметінше, өнеркәсіпті дамыту қорын құру, оффтейк-келісімшарттар жасау, жоғары бөліністі өнімдерді экспорттау кезінде көлік шығындарының 80% дейін өтеу жоспарланып отыр. Бұл ретте өңдеуші кәсіпорындар қор арқылы 3% аспайтын мөлшерлемемен несие ала алады.

Ал, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін аграрлық өнімді тұрақты сатып алуды және өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін  қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылады.

«Егіс даласынан сөреге дейін» пилоттық жобасын Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарында іске асыру жоспарланған. Ол үшін барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді Руслан Дәленов.

 

Фото: agroinfo.kz