Үкімет онлайн саудадағы кәсіпкерлерді бірқатар салық түрлерінен босатуды ұсынды

Үкімет онлайн саудадағы кәсіпкерлерді бірқатар салық түрлерінен босатуды ұсынды

Қазақстанда электронды сауданың бөлшек сауда айналымындағы көлемі мен үлесі бір жарым есеге өсті. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.

«Қазіргі таңда, әсіресе пандемия жағдайында әлемдік трендтерге сәйкес Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл саланың нарықтағы әлеуеті үлкен әрі экономиканың ілеспе секторлары – логистика, контейнерлік тасымалдау, курьерлік,цифрлық қызметтер, еңбек нарығы сынды  салаларға мультипликативті әсерін тигізеді.

«Алда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп,қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімділікті нығайтатын және киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұр», - деп,  баса айтты Асқар Мамин.

 Үкімет басшысы бұл саланы  одан әрі дамытып, кәсіпкерлерді ынталандыру  мақсатында онлайн саудамен айналысатын іскер азаматтарды бірқатар салық түрлерінен босатуды ұсынды. Бұл орайда электрондық саудадан түскен кіріс жылдық жиынтық табыстың кемінде 40% құраған жағдайда, кәсіпкерлер үшін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын төлеуден босату нормасы жөніндегі өзгерісті қолдауды сұрады.

«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалануды ынталандыру үшін Ұлттық банкпен бірлесіп,  банкаралық аударымдар комиссиясын төмендету, эквайринг мәселелерін пысықтау, сондай-ақ жаңа банктік емес төлем жүйелерін дамыту талап етіледі», — деді министр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kp.kz