«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 7 мыңнан аса жоба қамтылады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 7 мыңнан аса жоба қамтылады

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз етілуі тиіс.

Қызметкерлердің кемінде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалданып, екі қолға бір күрек іздеп бос отырған жастарға басымдық беру. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қатаң қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасымен жақында жаңартылған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының негізгі талаптары.

Аталған бағдарламаны  жүзеге асыруға 1 трлн теңге қарастырылған.  Онда барлығы 7 мыңнан астам жоба қамтылады. Олардың 300-ден астамы –жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін әлеуетті  жобалар. Бүгінгі таңда өңірлерде 6 295 жоба бойынша жұмыс басталып кетті. 148 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 77 мыңы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы. Жалпы, бағдарлама шеңберінде барлығы 255 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оны іске асыруға жауапты ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.

Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында үстіміздегі жылдың  6 айында жұмысқа орналастырылған 217 мыңнан астам адамның жартысына жуығы тұрақты табыс көзімен қамтылды. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден 3019 адам, яғни 853 отбасы қоныс аударды.

2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, қысқа мерзімді оқу курстарына 7,2 мың адам жіберілді, оның ішінде 342 адам оқуды аяқтап, 148 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, жыл соңына дейін бұл шарамен 18,8 мың азаматты қамту жоспарланып отыр. Бұдан тыс, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан бері жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін 17,6 млрд теңге сомасына 3 931 микрокредит берілді. Оның дені  елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашқан кәсіпкерлерге тиесілі болды. Сондай-ақ, бағдарламаның қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 200 АЕК мөлшерінде 24 мыңнан астам мемлекеттік грант беріледі. Бүгінде 10,8 мың грант бөлініп үлгерді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: qamshy.kz