Дүниежүзілік банк: COVID-19 Қазақстан экономикасына 20 жылдағы ең үлкен зардабын тигізді

Дүниежүзілік банк: COVID-19 Қазақстан экономикасына 20 жылдағы ең үлкен зардабын тигізді

Қазақстан экономикасына соңғы 20 жылдағы ең үлкен зардапты COVID-19 әкелді. Бұл туралы Дүниежүзілік банктың Қазақстандағы өкілдігінің «Дағдарысты еңсеру» баяндамасында айтылды. Құжатта: «2020 жылы Орталық Азия мемлекетінің экономикасы 90-жылдардың аяғынан бастап алғаш рет 3%-ке қысқаруы мүмкін, ал 2021 жылы 2,5%  ақырындап қалпына келеді» делінген.

2020 жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ-нің 2,3% шамасында өсуіне қарамастан, келесі айларда экономикалық белсенділік біршама бәсеңдеді. Бұл тауар бағасының төмендеуі, сауданың азаюы және COVID-19 таралуын болдырмау жөніндегі шаралардың әсерімен тікелей байланысты.

«Тұтынушылық сұраныс тек 1,2%-ке өсті. Бұл коронавирус пандемиясы мен енгізілген карантиннің әсерінен халықтың тұтынушылық сенімінің төмендеуі салдарынан болды. Инвестициялардың өсуі баяулады, дегенмен көбінесе мұнай-газ секторы мен тұрғын үй құрылысына салынатын тікелей шетелдік инвестициялардан қолдау тапты», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің баяндамасына сәйкес: «Жеткізілімдердің тоқтап қалуы және валюталық құнсызданудың салдарынан Қазақстанда инфляция Ұлттық банктің мақсатты диапазонының жоғарғы шегінен асып түсті».

Дүниежүзілік банк экономикалық көрсеткіштердің нашарлауы аясында біздің елімізге дағдарыстан шығу жолында бірқатар кеңестер берді.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия офисінің баспасөз қызметінің баяндамасында: «Мұнай бағасының құлдырауы мен сұраныстың азаюы жағдайында, экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттік басқару мен қызметтердің тиімділігін арттыру керек. Соның ішінде негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін электрондық платформаларды пайдалану, салық әкімшілігін жақсарту арқылы ресурстарды жұмылдыру негізінде жақсартуға болады. Логистика, цифрлық коммуникациялар мен қаржы секторындағы реформаларға арналған жаңа бағыт жеке секторға жаңа мүмкіндіктер іздеуде қолдау көрсетуі мүмкін» делінген.

 

Фото: kazpravda.kz