Қазақстандық құрылыс материалдарының онлайн-платформасы құрылады

Қазақстандық құрылыс материалдарының онлайн-платформасы құрылады

Импорт алмастыру. Қазақстан сырт мемлекеттерден жеткізілетін құрылыс материалдарының көлемін 23% қысқартуды көздеп отыр. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті. Оның айтуынша, нарық сұранысын қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда 33 жаңа жоба іске асырылуда. Нәтижесінде импорт үлесін төмендетіп, тұрғын үй құрылысында отандық өнімдер қолданысын 90% арттыру жоспарланып отыр.

«Биыл біз құрылыс материалдарының 5 түрін, атап айтқанда шыны, полиэтилен құбырлары, құрғақ құрылыс қоспалары, арматура, керамикалық тақтайшаны өндіру бойынша импорт алмастыратын 8 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың өндіріс көлемі - 103 млрд теңге. Бұл жобалар ішкі нарықтағы импорт үлесін 15% төмендетеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Сондай-ақ, министрдің мәліметіне сәйкес, жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық отқа төзімді кірпіш, санфаянс өндіретін жобаларды іске асыру көзделуде. Олардың өндіріс көлемі 61 млрд теңге болады. Бұл құрылыс материалдарының осы түрлері бойынша импорт үлесін тағы 8% азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, отандық құрылыс материалдарын онлайн саудалайтын ақпараттық алаң құрылады. Мақсат – онлайн тұғырнама арқылы бәсекелестік орта қалыптастыру. Бұл өнімнің құнын төмендетумен қатар сапасын арттыруға сеп болады, дейді ведомство басшысы.

«Аталған онлайн портал компьютер технологияларын қолдана отырып, нақты уақыт режимінде әр нысанның құрылысына мониторинг жасауға және әкімдіктердің қаражатты игеруіне мүмкіндік береді. Бұл материалдар құнын 15%-ға төмендетуге жол ашып, құрылыс материалдары нарығының ашықтығын қамтамасыз етеді», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Оның айтуынша, мемлекеттің қолдауымен онлайн алаң құрылыс материалдарын белгіленген құны бойынша сатуға мүмкіндік береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: домстрой29.рф