«Орталық Азия - Қытай» саяси диалогы іске қосылды

«Орталық Азия - Қытай» саяси диалогы іске қосылды

Орталық Азия елдері мен Қытай тұрақты және көпжақты саяси диалогты жалғастырып, ауылшаруашылығы, цифрландыру салалары бойынша  ынтымақтастығын арттыруға уағдаласты. Бұған «Орталық Азия - Қытай» саяси диалогының іске қосылуы ықпал етпек.  Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволарының басшылары деңгейіндегі видео-конференцияда тараптар осындай келісімге келіп, бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қытай және  Орталық Азия елдері  цифрландыру, қаржы қызметтері, электрондық коммерция, ақылды қалалар және басқа да «ноу-хау» сияқты өсу драйверлері бойынша әріптестігін нығайтуға келісті. «Тараптар ғылыми-қолданбалы салада, атап айтқанда, ғылымды қажетсінетін өнім шығару, сондай-ақ фармацевтикалық саладағы кооперацияны дамыту бойынша ынтымақтастықты жолға қоюға әзір» делінген СІМ таратқан баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар Қытай жағы Қазақстан және оның көршілерінен жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Бұл үшін аспан асты елі орталық азиялық серіктестеріне «жасыл дәліздерді» ұйымдастыруға әзір. Трансшекаралық жүк ағынын үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында «Бір ел, бір белдеу» жобасына басымдық беріліп, тараптардың оны жүзеге асыруды қолдауы жалғаса бермек.

Видео конферения барысында жаһанды алаңдатқан пандемиямен күрес мәселесі басты назарға алынды. Аймақтағы ахуалды сарапқа сала келе, Қытай және Орталық Азиялық 5  ел қатерлі індетпен күресте тығыз өзара іс-қимыл жасау бойынша келісімге келді. «Тараптар аймақтық экономикалық интеграцияны ілгерілетуде, сауданы жандандыруда және өзара инвестицияларды ынталандыруда күш-жігерді біріктіруді қолдады» делінген баспасөз хабарламасында.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: gov.kz