Маска, өкпені жасанды желдету аппараттары және дәрі-дәрмек өндірісі: отандық фармөнеркәсіптің жұмыс қарқыны артты

Маска, өкпені жасанды желдету аппараттары және дәрі-дәрмек өндірісі: отандық фармөнеркәсіптің жұмыс қарқыны артты

Екі аптада 1 миллионнан аса маска. Қазақстан астанасында жеке қорғаныш құралдарын өндіруші жаңа кәсіпорын іске қосылды. Зауыттың қуаты тәулігіне 180 мың дана медициналық маска шығаруға жетерлік. Алайда қазіргі сұранысқа сәйкес, 80 000 – 120 000 дана көлемінде маска өндірілуде. Өнім Нұр-Сұлтан қаласының емханалары мен дәріханаларына жеткізілуде. Бетперде өндірісі автоматтандырылған және жартылай автоматтандырылған станоктарда жүргізіледі. Бетперде жасауға қажет мата мен резеңке Түркия мен Ираннан алынған. Өнеркәсіп ошағының мамандары шетелде оқып қайтқан. Олар әр парияны мұқият тексеріп, 50 данадан қаптамаға қаптайды.

«Маскалар арнайы су өткізбейтін, сапа бақылауынан өткен маталардан жасалады және міндетті түрде үш қабатты болады. Айта кету керек, мақталы, тоқыма маталардан тігілген маскалардың қорғаныш деңгейі төмен болады. Және мұндай маскалар суланады да, микроб жинайды. Сондықтан, арнайы спанбонд, мельтблаун деп аталатын маталардан дайындалатын маскаларды пайдалану керек. Біздің үшқабатты маскалар осындай маталардан тігіледі және 92% сыртқы күштерден тыныс алу жолдарын қорғай алады», - дейді кәсіпорын директоры.

Өндіріс орны жақында балаларға арналған бетперделер шығаруды қолға алмақ. Сонымен қатар, қолданылған бетперделерді жою жобасы дайындалып жатыр. Өндіріс көлемін ұлғайту үшін FFP2/FFPP3/KN95 респираторларының қосымша желілерін жеткізуге келісімшарттар жасалды.

Ал Шымкенте өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарын шығару жоспарланған. Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, өндірісті қала кәсіпорындарының бірі іске қосуға дайындалып жатыр. Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов бұл мәселені компания директоры Рахат Байзақовпен талқылаған.

«Біз бұл жобамен үш ай бойы жұмыс істедік. Ендігі кезекте қажетті сертификатты алсақ, аппаратты шығара бастаймыз. Алдымен, қаланы толығымен қамтып, содан кейін еліміздің өзге қалаларына көмектесетін боламыз. Бүгінгі басты жағымды жаңалық осы», - деді қала басшысы.

Қазір қаладағы медициналық мекемелерде 323 ӨЖЖ аппараты бар. Оның ішінде 130 аппарат портативті саналады. Сондай-ақ, емдеу мекемелері 250 «Бобров» тыныс алу аппараты мен 10 монитормен қамтамасыз етілген.

Бұл жеткізілімдер қазіргі сұраныс мәселесін біршама шешуге көмектесері анық. Сондықтан мамандандырылған медициналық құрал-жабдықтар өндірісі – стратегиялық міндет. Елдегі фармацевтикалық компаниялар да өндіріс қарқынын арттырған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір кәсіпорындар үш ауысымдық жұмысқа көшкен. Осылайша, ел дәріханаларындағы ең қажетті дәрі-дәрмектер тапшылығын шешуге үлес қосуға кірісті.

Авторы: Данагүл Біләлова

 

Фото: baigenews.kz