Қазақстан мұнай өндірісін қысқарту туралы ОПЕК келісімін 92% орындады

Қазақстан мұнай өндірісін қысқарту туралы ОПЕК келісімін 92% орындады

Маусым айында ОПЕК елдері тәулігіне 22,3 млн баррель мұнай өндірді. Осылайша қара алтын өндірісі 30 жыл бұрынғы деңгейге дейін азайтылды, деп хабарлайды  S&P Global Platts агенттігі. Еске салсақ, 1990 жылы қыркүйекте Парсы шығанағында соғыс басталуы Ирак пен Кувейтте мұнай өндірісін толықтай тоқыратып кеткен болатын.

Қазақстан ОПЕК талабын 92% орындаған. Халықаралық келісімді асыра орындаған елдер тізімінде Судан, Сауд Арабиясы мен Біріккен араб әмірліктері бар. Олар сәйкесінше  147, 136 және 116 процентке орындағаны белгілі болды. Келісім талабына немқұрайлы қараған елдер де бар. Мәселен, Мексика мұнай өндірісін тек 73%,  Нигерия 60%,  Экватордағы Гвинея 55% , Конго 34% қысқартқан.

Опекке мүше елдердің келесі жиынында өндірісті тағы да төмендету жайы талқыланады. Дегенмен әлемдік экономиканың қайта жандана бастағаны ескеріліп, тамыз айында өндіріске квота алу жеңілдеуі де  ықтимал дейді сарапшылар.

«Мұнай өндірісі көлемін  тәулігіне 9,7 млн баррелге қысқарту туралы келісім тек шілдеге дейін ғана жарамды. Бұдан соң бұл талап тәулігіне  7,7 млн баррелге дейін азайтылады. Келесі жиын 15 шілдеге белгіленді», - деп жазды агенттік.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін мұнай өндірісін біртіндеп, тамыз және қыркүйекте азайтуға уәде берген болатын.

 

Фото: bna.bh