Мал шаруашылығын дамытуға 500 млн доллар: Дүниежүзілік банк Қазақстанға несие бөлді

Мал шаруашылығын дамытуға 500 млн доллар: Дүниежүзілік банк Қазақстанға несие бөлді

Жоба аясында бөлінген несие елімізде мал шаруашылығына қатысты құрылған жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Дүниежүзілік банк Директорлар кеңесінің Вашингтонда қабылдаған бұл шешімі жайында ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Ведомство ақпаратына сәйкес, алдағы күзде аталмыш келісімге қол қою жоспарланған.

«Банк әзірлеген жоспар 5 жыл ішінде, 2021 жылдан 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек. Осы кезеңде Қазақстан қоршаған ортаға теріс әсерін тигізбестен, мал етін өндірудің экспортқа бағытталған секторын дамытады. Жобаны іске асыруда Қазақстан үшін мүлдем жаңа қаржы құралы - нәтижеге бағытталған бағдарлама несиесі қолданылады. Бұл механизм қарыз алушыға қаражат келісілген нәтижеге жеткен кезде ғана төленетін болады. Сондай-ақ, экспорт пен бәсекеге қабілеттіліктің тұрақты өсуі үшін бақылау жүйесі жасалады, ветеринария қызметі жаңғыртылып, сиыр өсірумен айналысатын фермерлердің біліктілігін арттыру  жүйесі құрылады. Жобадан күтілетін нәтиже - ветеринарлық қызметтер мен жануарларды тіркеуді жақсарту және ет саласы үшін тиімді агроэкологиялық саясат орнату», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, бөлінген қаржы есебінен бордақылау алаңдарымен бірлесіп жұмыс жасайтын 20 мыңнан астам отбасылық ферма құруды қолдау жоспарда бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kapital.kz