Қазақстанда ЖІӨ шаққандағы көлеңкелі экономика 23% төмендеді

Қазақстанда ЖІӨ шаққандағы көлеңкелі экономика 23% төмендеді

2025 жылға қарай ЖІӨ шаққандағы көлеңкелі экономика үлесін 20% дейін төмендету көзделген. Ел Үкіметінің кезекті отырысында қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шараларды баяндады.

«Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Үкімет Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған шаралар жоспарын жүзеге асыруда. Жоспардың негізгі бағыттары: салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру; қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту; қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл және заңнаманы жетілдіру болып табылады. Жоспарда қабылданған шаралар арқылы өткен жылы көлеңкелі экономика жалпы ішкі өнімге шаққанда 23,62% дейін төмендеді», - деді Берік Шолпанқұлов

Нәтижесінде, 2019 жылы бюджетке қосымша 1,5 триллион теңге түскен. Оның негізгі бөлігі салық және кедендік цифрландыру бағыттарына тиесілі. Бұл жүйені әлі де жетілдіру жұмыстары қолға алынған.

«Биылдан бастап онлайн бақылау-касса машиналары міндетті түрде қолданылуы тиіс. Бүгінгі таңда бақылау-касса машиналарын пайдаланушылардың жалпы саны 728 мыңға жетті, оның 710 мыңы немесе 97,5% онлайн бақылау-касса машиналарына көшті. Сонымен бірге, қолданыстағы ақпараттық жүйелер базасында Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылуда. Биылғы қазан айынан бастап ақпараттық жүйеде тауарларға электрондық ілеспе жүк құжаттары енгізіледі. Жалпы алғанда, жүйе тауардың бөлшек саудасына дейінгі жылжуының барлық тізбегін қадағалауға мүмкіндік береді. Жүйеден кейін жалған шот-фактуралардың көшірмесін тоқтатамыз», - деп атап өтті Берік Шолпанқұлов.

Одан бөлек, Салықтық әкімшілендіру мақсатында үшінші тұлғалардың деректер базасы құрылған. Тағы бір тиімді құралдардың бірі  құрылыстағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу. Министрліктің негізгі бағыттарының бірі - айналы кедендік статистика бойынша алшақтықты төмендету.

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында онлайн режимінде кедендік декларациялармен электрондық алмасу жүруде. Бұл Қазақстанның Қытайдан импорты бойынша алшақтықты 2017 жылы 60%-тен 2019 жылы 48%-ке дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 5 айдың қорытындысы бойынша айырмашылық 39%-ке дейін төмендеді. Осылайша, өткен жылы бюджетке қосымша 236 млрд теңге түсті», - деді спикер.

Айта кетейік, қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Тәуекелді басқару» ақпараттық жүйесі бойынша 2020 жылдың басынан бері бюджетке 34,9 млрд теңге түсті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортқа салықтық әкімшілік күшейтілді және «Экспорттық бақылау» модулі тәжірибелік пайдалануға берілді. Нәтижесінде құн салығы бойынша 122 млрд теңге түсті.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: pikabu.ru