Astana Finance Days 2020: Қазақстанда исламдық қаржыландыру және цифрлық трансформацияны дамыту

Astana Finance Days 2020: Қазақстанда исламдық қаржыландыру және цифрлық трансформацияны дамыту

Коронавирус пандемиясы Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер етті? Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шараларды қолға алуы тиіс? Исламдық қаржы деген не және оның Қазақстан мен Орталық Азия аумағында  даму деңгейі қандай?

Осы және өзге де сұрақтарды Astana Finance Days барысында халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылар талқыға салды. Айта кетейік,  жыл сайынғы дәстүрлі халықаралық қаржы конференциясы биыл онлайн форматта өтіп жатыр. Жиында исламдық қаржы құралдарын ендіру саласында тәжірибесі мол білікті мамандар бас қосты. Жаңа жаһандық сын-тегеуіріндер әлемді электрондық үлгіге ығысуға мәжбүрлеп отыр. Бұл бүгінгі заманның талабы. Бұл орайда үкіметтің белсенділігі қажет дейді, белді сарапшылар. Мәселен, малайзиялық экономистер Қазақстанмен осы төңіректегі өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін айтады.

«Бұл орайда сіздер үшін алдымен инфроқұрылымды дамытып алу аса маңызды. Қазақстанда ШОБ сандық жолға салу үшін заңнамаларды жетілдіріп, жаңарту керек. Бизнесті озық технологияларды ендіруге ынталандыратын шаралар қолға алынуы керек. Мәселен, Малайзияда ол үшін мемлекеттік органдар мен орталық банк тарапынан мақсатты қорлар құрылды. Сандық технологиялар жолына түсу көп шығынды талап ететін үрдіс. Цифрлық жаңғыру жолына жеңіл өту үшін адамдарға арнайы оқыту бағдарламаларын құрып, тиісті ақша бағыттау қажет. Сондықтан міндетті түрде мақсатты қаржы қарастырылуы  керек», - дейді Исламдық қаржыландыру бойынша халықаралық білім беру орталығы (INCEIF) Президенті және Бас директоры Мохд Азми Омар, Малайзия.

Айта кетейік, биылғы Astana Finance Days жұмысы маусымның үшіне дейін жалғасады. 5 күнге жоспарланған жиында 80 астам әлемдік деңгейдегі білікті сарапшы жаңа талаптарға сай цифрлық тәжірибелерімен бөлісетін болады. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: astanafindays.org