Қазақстан БҰҰ рейтингінде «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-орынға орналасты

Қазақстан БҰҰ рейтингінде «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-орынға орналасты

БҰҰ рейтингінде Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша 39-орынды, «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-орынды, киберқауіпсіздік деңгейі бойынша 40-орынды иеленді.

Бүгінгі күні Қазақстан интернетке қолжетімділік бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі — елімізде 1 Гб құны $0,49, халықты қамту – 84,2% құрайды, ал мысалы, Украинада аталған көрсеткіштер – $0,51/62,5%, Қытайда – $9,89/61,2%, АҚШ-та – $12,37/87,3%.

Қазақстан халқының цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1%-ға жетті. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 83,7%-ы онлайн-режимде көрсетіледі, 7 мыңға жуық ІT-компания тіркелген.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

2018-2019 жж. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жалпы экономикалық тиімділігі 802,5 млрд теңгені құрады. 58 заң мен 11 кодекстің 700 нормасына өзгерістер мен түзетулер енгізілді.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін елімізде көмірсутегі шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукциондар өткізу жүйесін іске қосу көзделген. Бұл процестің барлық кезеңдерінде қағаз форматын шектеуге мүмкіндік береді. Аталған жобаны жүзеге асыру Энергетика министрлігіне тапсырылды.  

Сондай-ақ, үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бір ай мерзімде Индустрия 4.0 элементтерін дамыту және «Модельді цифрлық фабрикалар» жобасын кеңейту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Кәсіпорындарда «модельді цифрлық фабрикаларды» ашу еңбек өнімділігін 25%-ға, ресурс тиімділігін 18%-ға, жабдықтың қызмет ету мерзімін 5%-ға арттыруға, өндірістік және энергия шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Ал «Индустрия 4.0» платформасы роботтарды, үлкен деректерді және жасанды зердені қолдана отырып, өндіріс процестерін автоматтандыруға бағытталған. Ол қаржылық, ақпараттық сервистерді, сауда алаңдарын және технологиялар трансферті жүйелерін, бірінші кезекте тау-кен металлургиялық және отын-энергетика кешендері, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары үшін біріктіреді. Оны құру аясында Smart Industry Management талдамалық базасын енгізу, саланың ірі кәсіпорындарымен корпоративтік инновациялар жүйесін дамыту және басқа да шаралар қабылдау жоспарланған.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын одан әрі өзекті ету аясында әртүрлі салаларда 10 технологиялық платформаны енгізу жоспарланған, атап айтсақ: Govtech, Smart city, Industry 4.0, Agritech, Blockchain, Space-Geotech, AI (жасанды зерде), E-Industry, Fintech, Greentech.

 

Фото: 365info.kz