Қазақстандық газдың әлемдік нарықтағы әлеуеті

Қазақстандық газдың әлемдік нарықтағы әлеуеті

Қазақстан Қытай мен Швейцария мемлекеттеріне газ экспортының көлемін ұлғайтты. Жалпы биыл қаңтар-сәуір айларында 6,3 млрд текше метр көгілдір отын сырт елдерге шығарылды.

Қазақстандық газдың негізгі импорттаушысы  - Қытай. Аспан асты еліне төрт айдың ішінде ғана жалпы құны 566,1 миллион доллар болатын  2,7 миллиард текше метр табиғи газ жеткізілді. Бұл орайда жылдық өсім 7,4%, ал ақшаға шаққанда 2,5% құрап отыр. Еске сала кетейік, еліміз Қытайға  өнімнің экспортын 2017 жылдан жолға қойған. Дәл сол уақыттан бері тәуелсіз елдің ең ауқымды жобаларының бірі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры іске қосылған болатын.  Ол «Қазақстан-Қытай» магистралінің солтүстік бөлігін жалғайды.

Сондай-ақ, 2020 жылы ТМД елдеріне 101,5 миллион доллардың 2,1 миллиард текше метр газы экспортқа шығарылды. Бұл ретте Қазақстан газының негізгі импорттаушысы - Ресей. Жалпы ТМД елдеріне тасымалданған газдың 75,5 пайызы Ресейге экспортталған.

2020 жылдың қаңтар-мамырында елімізде сұйық немесе газға айналған күйде табиғи газды өндіру көлемі 24,8 млрд текше метрге жетті. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңінде өндірілген газ көлемінен 7,2 пайызға көп. Бұндай деректі energyprom.kz  порталы  ҚР ҰЭМ статистика Комитетіне сілтеме жасап келтірді.  Жалпы еліміздегі гөгілдір отын өндірісінің 40,3%  табиғи газ үлесінде.

Өңірлік шекте Атырау облысында өндірілген табиғи газдың көлемі жоғары болып тұр. Бұл облыста 11,2 млрд текше метр газ өндіріліп отыр. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында - 9,1 млрд, Ақтөбе облысында - 2,6 млрд текше метр газ өндірілген.

Соңғы 5 жылда көгілдір отынның өндірісі мұнай-газ саласының жетекші бағытына айналып, еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келетінін айта кеткен жөн.

Бүгінде газ өндірістік кешенінің даму қарқыны бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшылар қатарында келеді. Еске салайық, 2019 жылы Тұңғыш Президенттің «бес әлеуметтік бастамаларына» кіретін «Қызылорда – Нұр-Сұлтан» бағытындағы «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы аяқталды. Магистраль елорда мен еліміздің орталық өңірлерін көгілдір отынмен қамтитын болады.

 

Фото: kapital.kz